ПАНФИЛОВШЫ ЖАУЫНГЕР

Биыл Қазақстан Қарулы Күштерiне 20 жыл толады. Алдымызда Жеңiс күнi жақындап келедi. Сонымен қатар биыл Қазақстан ардагерлер кеңесiнiң құрылғанына да 25 жыл толып отыр. Қай заманда да Отан қорғаушылардың абыройы биiк тұрған. Бiздiң елiмiзде де жауынгерлер мен ардагерлерге айрықша құрмет көрсетiлiп келедi. Осындай айтулы мерекелер қарсаңында астаналық Ұлы Отан соғысының майдангерi Сихымбай Мамыров атаның шаңырағында болған едiк.

Кейiпкерiмiз Сихымбай Мамыров ақсақал 1920 жылы Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында туып-өскен. Соғыс басталысымен өз еркiмен жазылып, майдан даласына бет түзейдi. Атақты панфиловшылар сапында соғыстың басынан аяғына дейiн немiстерге қарсы оқ боратқан пулеметшi болған. Бұл кiсiнiң бiр қызық хикаясы сол, соғыс болған төрт жыл мерзiмiнде туыстары оған бiр емес екi рет қара қағаз алыпты. Қылшылдаған жас жiгiт бiрiншi рет 1942 жылы Мәскеу түбiндегi шайқаста қатты жараланып, аппақ қардың үстiнде ес-түссiз жатқан жерiнен басқа бөлiмшенiң солдаттары тауып алып, госпитальға әкеп, жаны қалған екен. Мұны бiлмеген өз полк басшылығы оны өлдiге жорып, үйiне қара қағаз жiберiптi. Бiрақ ол сауығып шығып, өз полкiне қайта оралып, қатарға қосылған. Пулеметшi Сихымбай ата Днепрдегi қанды шайқаста тағы да жараланып, жолдастарынан адасып қалады. Оны iздеп таба алмаған полктегi жолдастары өлдiге санап, үйiне қара қағаз жiбертедi. Бiрақ, ол аман-есен науқасынан айыққан соң өз полкiн iздеп, тауып, қайта кеп қосылады. Үшiншi рет Польшаға жеткенде, мина қойылған далаға тап болады. Сол жерде абайламай мина басып кетедi. Сапер бiр-ақ рет қателеседi демекшi, оны ендi аман қалмайды деп күдiктенген майдандастары қош айтыса бастаған екен. Алайда әскери хирургтердiң жанкештiлiгiнiң арқасында ол тағы да дiн аман қалады. Сөйтiп, майдандастарының ортасына қайтып келедi. 1944 жылы Украинадағы Михайловы Грабицы селосының түбiндегi ең сұрапыл шабуылдың кезiнде ерекше ерлiгi үшiн өзiнiң бiрiншi Даңқ орденiн алыпты. Екiншi Даңқ орденiн 1945 жылы қол жеткiзген аумақты қасық қаны қалғанша қорғап, жауға берiспеген ерлiгi үшiн алған. Жеңiс күнiн солдат Мамыров Берлинде қарсы алады. Сондағы немiстердiң тиiстi нысандарына алғаш ту тiккен жаужүрек солдаттардың қатарында ол да бар болған.
Үш рет перiштесi қаққан Сихымбай ақсақал жауған оқтың ортасында жүрiп, пулеметiн тастамаған. Пулеметшi Сихымбайдың Отанын қорғаудағы ұлы ерлiктерi өскелең ұрпаққа ұмытылмас мұра болып қалары сөзсiз.
1985 жылы ауылдағы Сихымбай қарттың үйiне алыс Новосiбiрден хат келедi. Онда кiшкентай ғана сурет бар екен. Суретте ескерткiш тақта. Тақтада өзiнiң аты-жөнi. Мiне, қызық. Соғыс бiткеннен кейiн Новосiбiр қаласының түбiндегi Холмск қаласында 40 жауынгермен қатар жылдар бойы өлiлер қатарында «Белгiсiз солдат» ескерткiш тақтасында аты жазылып тұрыпты. Ол оны қырық жыл өткен соң ғана бiледi. Қырық жылдан кейiн жас күнiндегi ауыр зұлмат соғысты еске алуға Новосiбiрге қадiрмендi қонақ ретiнде шақырылады. Сонда барғанда, өзiнiң атын ескерткiш тақтадан көрiп, таң тамаша қалады. Кейiннен өлдiге саналған майдангердiң аты-жөнi жазылған тақтаға – «Тiрi екенi анықталды» деген сөздi өз қолымен орнатып кетедi. Ескерткiште жазылған жас майдандас-тарының атын көрiп, олардың Отан алдындағы баға жетпес ерлiгiн еске алып, егiлiп жылайды.
Сәуiрбек Бақбергеновтiң «Белгiсiз солдат» документальды повесiнде панфиловшылардың Ұлы Отан соғысы кезiндегi жүрiп өткен жолы, барлық бастан кешкен қанды оқиғалары баяндалады. Оның iшiнде Сихым-бай ақсақалдың да хикаялары айтылған.
Екi рет өлдiге саналған Сихымбай ата бүгiнде 92 жасқа толып отырған майдангер ардагерiмiз. Тоғыз бала тәрбиелеп, олардан 30 немере, 12 шөбере сүйiп отырған ардақты ата. Өзi көп жылдан берi елордаға қоныс аударуды қалап, көшiп келiптi. Бүгiнде белсендi ардагерлер қатарында. Жуырда Мәскеу мэрi С.Собяниннiң сәлемдемесi – «70 лет битвы за Москву» медалiнiң иегерi атанды. Жүз жасаған Жамбыл бабамыздай асыл аталарымыздың ортамызды толтырып жүргенi қандай ғанибет.

Шынар ӘБIЛДА