«Электронды алаяқ»

Жақында Астана қалалық сотының апелляциялық сот алқасы 1980 жылы туылған Марат есiмдi азаматтың №2 Алматы аудандық сотының 2011 жылдың 27 желтоқсанындағы үкiмiне келтiрген апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi 177-бабы 3-бөлiгiнiң «б» тармағымен мүлкi тәркiленiп, 4 жылға бас бостандығынан айыруға, жазаны түзеу колониясының жалпы режимiнде өтеуге сотталды.

Қазiргi таңда мемлекеттiк сатып алудың веб-порталында (http://www.goszakup.gov.kz) 126 467 пайдаланушы бар. Электрондық мемлекеттiк сатып алудың бiрыңғай нүктесiн ұсынатын мемлекеттiк ақпараттық жүйеде осы уақытқа дейiн 123 902 қатысушы тiркелген. Сатып алу тiзбесiне 42468 хабарландырулар орнатылған. Конкурс модулiнде 736 688 жоспар болса, 25 млн астам келiсiм-шарттар жасалған. Осы порталда мемлекеттiк сатып алудың «қара тiзiмiнде» – 3384 қатысушы бары анықталған. Солардың қатарында, сотталған Марат та бар.
Әңгiменi әрiден бастасақ, Марат бiрқатар адамдармен алдын ала сөз байласып, алаяқтық мақсатта пайдалану үшiн өз атына Астана қаласы Әдiлет департаментiне «Dainer Group» ЖШС-iн тiркейдi. Интернет желiсi арқылы IР-адрестiң көмегiмен мемлекеттiк сатып алу порталына «Dainer Group» атынан ең төменгi баға ұсыныстарымен хабарландырулар берiп отырған. Бұл өз кезегiнде бiрнеше адамдарды өз қармағына оңай iлуге сеп болатынын алдын ала бiлген. Осылайша Қарағанды облысы әкiмдiгiнiң «Қарағанды облыстық бiлiм беру қызметкерлерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау институты» қызметкерлерiмен 2 052 000 теңге көлемiнде мемлекеттiк сатып алу туралы №57 келiсiм-шартын жасайды. Аталған келiсiмге сәйкес, мекеме Мараттың есеп-шотына шарт бағасының 30 пайызын, яғни 615 000 теңге алдын ала төлем аударған. Сондай-ақ, Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi «Мамлют орталық аудандық ауруханасынан» – 1 725 000 теңге, «Жамбыл ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерiнен» –3 250 000 теңге, «№3 қалалық ауруханасынан» – 950000 теңге, «Олимпиада резервiнiң мамандандырылған №4 балалар мен жасөспiрiмдердiң спорт мектебiнен» – 100 800 теңгенi алаяқтық жолмен иемденген. Осылайша ел-жұрттың сенiмiне кiрiп, iрi мөлшерде ұрлық жасап, мемлекетке зиян келтiрген.
Апелляциялық шағымында Марат соттың үкiмiмен келiспей, кiнәсiн жар-тылай ғана мойындайды. Өзiн алаяқтықпен ұрлық жасамағанын, басқа тұлғалардың сөздерiне алданып қалғанын айтып ақталған. Ақша қаражаттарын алмағанын және отбасы жағдайын ескерiп, жеңiл жаза тағайындауды сұрап жалбарынған.
Алайда iс материалдарын және шағымдардың уәждерiн тексеру барысында үкiм бiрнеше негiздерге сәйкес өзгерiссiз қалдыруға жататыны анықталды.
Сот мәжiлiсiнде кiнәлi деп таныған тұжырымдар жан-жақты зерттелiп, объективтi түрде заңды баға берiлген дәлелдемелер нақты болған оқиға-ларға сәйкес келген. Мараттың «Басқа тұлғалардың сөзiне алданып қал-дым» деген уәжi де орынсыз деп табылды. Жәбiрленушiлер алдын ала және сот тергеуiнде де Маратты әшкерелеп, қылмыстың мән-жайын баяндап берген жауаптарын айыптау үкiмiнiң негiзiне дұрыс деп алған. Мараттың кiнәсi барлық құжаттарда көрiнiс тапқан. Атап айтқанда, мем-лекеттiк мекемелерден алынған құжаттарымен – баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу қорытындыларын бекiту туралы шешiмдерiмен, конкурстың қорытындыларымен, мемлекеттiк сатып алу туралы келiсiм-шарттармен, банктiк есеп-шот көшiрмелерiмен, банктiк чектермен, талондармен, ақшалай қаржыны аудару жөнiндегi төлем тапсырмаларымен, Мараттың қол қою үлгiлерiмен, таңбасы бар құжаттармен, сенiмхаттармен, есеп шот ашу арызымен, есеп-шоттардың үзiндiлерiмен, бұйрықтармен, үлгi жарғы негiзiнде қызметiн жүзеге асы-ратын шаруашылық серiктестiктi мемлекеттiк тiркеу туралы өтiнiштерiмен, ақша төлеу бойынша түбiртектермен, шешiм үзiндiсiнiң көшiрмелерiмен, акт көшiрмелерiмен толық бекуiн тапқан.
Мемлекеттiк мекемелердiң сенiмiне кiргенмен, тиiстi мiндетiн орындауға ешқандай ниетi болмаған.
«Сондықтан, бiрiншi сатыдағы сот жаза тағайындағанда Мараттың жауапкершiлiгiн ауырлататын және жеңiлдететiн мән-жайларды толық ескерiп, жасаған қылмысына дұрыс жаза тағайындаған. Сот алқасы сот үкiмiн өзгерiссiз деп тауып, Мараттың апелляциялық шағымын қанағат-тандырусыз қалдырды», – дейдi сот алқасына төрағалық еткен судья Жақсылық Алхамин.
Р.S
…Электрондық мемлекеттiк сатып алу порталы тапсырыс берушi мен ұсынушының арасында делдалдың қызметiн атқарады. Мемлекеттiк сатып алудың электронды жүйесi мемлекет үшiн пайдалы болғанымен, әлi де жетiлдiретiн тұстары жетерлiк. Ал «қара тiзiмге» iлiнгендердiң қатары көбейгенiн бағамдасақ, электронды жүйе бәрiне бiрдей тиiмдi деп айту – әзiрге қиын.
(Белгiлi бiр себептерге байланысты кейiпкердiң аты өзгертiлiп берiлдi)

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ