Әкімдік

Үлкен мүмкiндiктер үдесi

Ақпараттық-насихаттау тобының Алматы ауданындағы жұмысы Iшкi iстер басқармасынан бастау алды. Елбасының биылғы «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын басқарма қызметкерлерiне түсiндiру жұмысы сұрақ-жауап түрiнде өрбiдi.

Кең залда жиналған қауымға Жолдау туралы Қаржы министрi Болат Жәмiшов түсiндiрiп бердi. Президент Жолдауын кеңiнен насихаттауды мақсат тұтқан топтың Астана қаласы бойынша жетекшiсi Болат Бидахметұлы «Қолжетiмдi баспана – 2020» бағдарламасына ерекше екпiн түсiрдi. Өз сөзiнде ол елiмiзде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлетiндiгiн, алдағы уақытта отандық құрылыс саласы үшiн жаңа мүмкiндiктердiң туып отырғандығын алға тартты. «Мемлекет жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын iске асыруға кiрiсiп кеттi. Менiңше, қолжетiмдi баспана бағдарламасы – бағалы сыйлық. Бұл – үлкен мүмкiндiк» дедi.
Алматы аудандық Iшкi iстер басқармасы қызметкерлерi тарапынан да топ өкiлдерiне түрлi сұрақтар қойылды. Өзiн Айман Керейбаевамын деп таныстырған штаб инспекторы «Бiраз уақыттан берi бұқаралық ақпарат құралдарында зейнетке шығу жасының ұзартылатындығы сөз болып жүр. Мәселен,1998 жылға дейiн 10 жыл бойы еңбек өтiлi болмаған зейнеткер үшiн бұл қалай әсер етедi?» дедi. Бұған ақпараттық-насихат тобының төрағасы Болат Жәмiшев 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi мен зейнетақы қоры сол күйiнде сақталып, есептелiнетiн болады» деген жауабын бердi.
Бұл кездесуге 200-ге жуық адам қатысты. Қойылған сауалдардың денi арендалық баспана төңiрегiнде өрбiдi. Мұнан соң Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгi Халықаралық ынтымақтастық департаментiнiң директоры Манат Бибасов сөз алды. Ол мемлекеттiк қызмет сапасын арттыру шараларына кеңiнен тоқталды. Осы жылдың аяғына дейiн әлеуметтiк маңызы бар мемлекеттiк қызметтердiң 60 пайызының тек қана электронды түрде жүргiзiлуi қолға алынғандығын айтты. Сонымен бiрге, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қарауына автокөлiктi тiркеу және жүргiзушi куәлiктерiн тапсыру мәселелерiнiң берiлетiндiгiн сөз еттi.
Бұдан соң Жолдауды түсiндiру тобы ЕАГИ колледжi мен «Астана Теплотранзит» мекемесiнде болды.

Гүлжан РАХМАН


comments powered by HyperComments
Close