00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Өміріңе қауіп төніп тұрмаса ота жасатпа – пластикалық хирург

27.11.2023 | 04:00
55
Фото: дереккөзден

«Әлемді әсемдік құтқарады». Десе де әсемдік үшін деп тәуекелге барған сәтте пациенттің өміріне қауіп төнсе кім құтқарады? Адамдар қандай жағдайда эстетикалық медицина қызметіне жүгінеді? Тартымды әрі жас болып көріну деген қоғам талабы ма әлде бағаның қолжетімділігі ме?  Elorda.info тілшісінің хирургия саласында 40 жыл, оның ішінде пластикалық хиругиямен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан Игорь Кугаймен сұхбаты осы сауалдар төңірегінде өрбіді.  

- Елімізде пластикалық хирургия қызметіне жүгінетіндер көп пе? Адамдар не үшін дене бітіміне көңілі толмай, оны өзгерткісі келеді?

- Осыдан 20 жылдай бұрын бізде пластикалық хирургия саласына сұраныс бірден артты. Естеріңізде болса телеарналарда тұрақты түрде ток-шоулар көрсетіліп, жиі-жиі жарнама беріліп жататын. Ол да белгілі бір дәрежеде адамдардың санасына, шешім қабылдауына әсер етті деп ойлаймын. Таңсық дүние болғандықтан бәрі әдемі, сұлу болғысы келді, мейілінше ұзақ уақыт жастығын сақтап қалғысы келетіндер күрт көбейді. Қазір де азайған жоқ. Байқасаңыз ірілі-ұсақты пластикалық, эстетикалық және косметологиялық клиникалар жұмыс істеп тұр, аталған отаны жасайтын хирургтердің де саны артқан шығар, бәлкім. Бірақ менің байқауымша, бүгінгі таңда пациенттер әлдекімдерге ұқсағысы келіп не болмаса басқаларға қызығып ота жасатпайтын болған. Отадан кейінгі небір асқынулар мен сәтсіз жағдайлар жайында ашық айтыла бастағасын ота жасатуға бұрынғыдай жеңіл, атүсті қарамайды. Бірнеше жерден кеңес алып, ойлап, екшеп барып келетін болды. Біз оны әрине құптаймыз. Қалайда жасатамын, осы отаны міндетті түрде жасатуым керек деп келетіндер сирек. 

-Пластикалық хирургияның пациенттер біле бермейтін немесе мән бермейтін қандай тұстары бар?

Пластикалық хирургия өмір үшін аса маңызды хирургия емес, яғни оны жасамаса да болады. Кез келген медициналық процедурада, тіпті ол дәрігерлер күнделікті жасап жүрген жеңіл ота болса да асқынулар болуы мүмкіндігін ескермейтіндер бар. Әр адамның денсаулығы мен ағзасы әртүрлі болған соң  әсер ететін факторлар да сан алуан және ол дәрігердің біліктілігіне, біліміне байланысты емес.  Ота алдында пациент міндетті түрде толықтай медициналық тексерістен өткенімен, барлық жағдайдың алдын ала алмаймыз. Пластикалық хирургия ақшасын төлесем болды деп қалауы бойынша жасала салатын дүние емес, оған да қарсы көрсетілімдер бар.  Жоғарғы қан қысымы, жұқпалы аурулары, асқыну, қабыну сияқты процестер болса ота жасалмайды. Пациенттер денсаулығына қатысты қандай да бір мәліметтерді жасырып қалам деп ойласа қателеседі,  дәрігер медициналық талдаулардың қорытындысына қарап-ақ бәрін байқайды. Бұл жерде тағы бір атап көрсететін жағдай бар. Мәселен пластикалық отаның 99 пайызы сәтті өтеді деп есептесек, 1 пайызында түрлі жағымсыз жағдайлар тіркелуі мүмкін. Бірақ осы 1 пайызға «түсіп қалған» адам үшін ол 100 пайыз сәтсіз ота. Ол оның өмірі мен денсаулығы. Әрі қарай қалай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан ертең өкініп, опық жемеу үшін пациент бұл ота маған қаншалықты қажет деп әбден ойланып алса екен деймін. 

98.jpg

-Пластикалық хирургтың клиенттерінің көбі әйелдер екені белгілі. Ал ерлер көбінесе қандай мәселемен мұндай қызметке жүгінеді?

Пластикалық хирургия деген ауқымы кең сала. Себебі ол тек косметикалық бағытта емес, коррекция, реконструкция, жарақаттан кейінгі қалпына келтіру, жырықты жабу деген сияқты кете береді. Бірақ адамдарда пластикалық хирургия тек әдемілік үшін жасалады деген түсінік қалыптасқан. Әсте олай емес. Ер адамдар көбінесе функционалдық бұзылыстар болған жағдайда, яғни отаға медициналық көрсеткіштер болған соң келеді. Оның өзінде де түрлі ем-шаралардың барлығын өтіп, ем қонбаған соң амалсыздан жасатады.  Пластикалық хирургия қызметіне жүгінетіндердің 90 пайызы әйелдер. Ерлер қорқақтайды, әйелдер бұл жағынан келгенде батыл келеді. Мысалы әйелдер қыр мұрынды болғысы келсе, ерлер сүйегі сынғасын, не мұрынның ішіне өскін өскеннен кейін тыныс алуы қиындағанда бір-ақ отаға келеді. Ринопластиканы әрбір хирург жасай алмайтынына назар аударғым келеді.  Бұл техникалық жағынан да эстетикалық жағынан өзіндік қиындығы бар ота. Оған арнайы мамандану керек. Бізде жиі жасалатын сұраныс жоғары оталар блефаропластика мен маммопластика.

-Қандай импланттар қолданылады? 

Бұған дейін кореялық импланттарды қолданатын едік. Қазір оны жеткізуде проблемалар бар. Біздің мемлекетімізге Кореяда өндірілген импланттарды тікелей жеткізумен айналысатын фирма жоқ. Бұрын Мәскеу арқылы алып жүрдік.  Қазақстанда импланттар өндірілмейді, себебі нарықтың мүмкіндігі шектеулі,  80-100 млн халқы бар елдер болмаса имплант жасаумен айналысу тиімсіз бизнес.  Мысалы ринопластика бойынша келген пациенттерге тек ғана имплант емес, пациенттің құлағынан я болмаса қабырғасынан алынатын шеміршек қою да ұсынылады. Кейбір адамдар имплант бөгде зат, ағза қабылдамауы мүмкін деп қауіптеніп, шеміршек қоюды сұрайды. Дәрігерлер әр пациенттің жағдайына, ыңғайы мен сұранысына қарай жолын ұсынғанымен пациенттің қалауы ескеріледі. Бірақ имплант жоқ екен, енді отаға кезек күту керек деп ойламаңыз. Мұндай операциялар айына бір рет ғана жасалуы мүмкін. 

-Пластикалық ота жасатқысы келетін, бірақ әлі шешім қабылдай алмай жүрген жандарға қандай кеңес бересіз?

Мен 20 жыл жедел жәрдем ауруханасында жұмыс істедім. Түрлі жағдайларға куә болдым. Ол кезде пациенттер қабылдау бөліміне оқыс жағдайлармен келіп жататын. Мысалы пышақ не басқа да өткір заттар кіріп кету, соқырішектің түйіліп қалуы, панкреатит, ішек өтімсіздігі сияқты диагнозбен жеткізілген пациентке дереу түрде ота жасалмаса өліп кетуі мүмкін.  

Мен азаматтарға егер бұл отасыз-ақ өмір сүре алсаң онда ота жасатпа дер едім. Яғни өміріңе қауіп төніп тұрмаса қажеті жоқ. Адамның өзіне деген сенімділігін арттырып, комплекстерімен жұмыс істеп көргені жөн. Әрбір отада тәуекелдер элементі бар екенін ұмытпайық. Кәсіби ортада хирургия - медицинадағы ең соңғы үміт деген сөз бар. Яғни адам басқа тәсілдерді, бүкіл ем-домды көріп, қабылдап, нәтиже болмаған соң амалсыздан жасатады. Ал пластикалық хирургия медициналық көрсеткіштер бойынша міндетті болып саналатын хирургия емес. Косметикалық ота болғанымен одан да мүгедек болып қалу қаупі бар, дәрігер ретінде осыны ескертер едім. 

Сұхбатыңызға рахмет.

Барлық жаңалықтар