00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Елордада өткен ұлттық байқау жүлдегері Катарға жолдама жеңіп алды

Елордада өткен ұлттық байқаудың жүлдегері Катарға жолдаманы жеңіп алды
Фото: автордан

Бүгін Қазмедиа орталығында «Анама қарап бой түзеймін» атты ұлттық байқау өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, журналист Бағдагүл Рахметқызының авторлық жобасы 2022 жылы - Балалар жылына орай отбасылық құндылықтарды дәріптеу, анасы мен қызы арасындағы әдемі әдепті көрсету мақсатында бастау алды.

Жобаның басты мақсаты - талантты, ибалы, инабатты қыздар мен оларға өнегелі тәрбие беріп отырған аналарды насихаттау.

Биыл байқауға 7 үміткер қатысты. Олар Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облысынан келді.

Байқау 4 кезеңнен тұрады. Олар: таныстыру және өнер көрсету бөлімі; салт-дәстүрімізден көрініс; салт-дәстүрге байланысты сұрақ-жауап, мақал-мәтелдердің жалғасын табу, ұлттық тағам әзірлеу және қолөнер туындыларын таныстыру.

Ал байқауға осы жобаның авторы, журналист Бағдагүл Рахметова, белгілі әнші Майра Ілиясова, қоғам қайраткері Оразгүл Асанқазы, ұлттық өнер дизайнері Ырза Тұрсынзада т.б.  қазылық етті.

Әділ қазылар шешімімен бас жүлде Жамбыл облысынан келген Шәкизат Мыңбосынова бұйырды.

Біз Жамбыл облысы, Талас ауданы, Бостандық ауылынан келдік. Мен – математика пәні мұғалімімін. Жоба жайлы әлеуметтік желіден естідім. Байқауда біз ауылдың көрінісін көрсетуге тырыстық, - дейді байқау жеңімпазы Шәкизат Мыңбосынова.

 

Бас жүлде иегерлері Катар мемлекетіне 1 аптаға тегін демалыс ұтып алды.

Ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртатын жобаның жанашыры ретінде бас демеуші болуға шешім қабылдадық. Осымен 3-ші жыл қатарынан байқауға сый дайындап келеміз. Биыл да бас жүлдеге Катарға жолдаманы тіктік. Жеңімпаз анасы мен қызы қонақүйі, тамағы, жолы тегін жолдамамен шетелде бір апта демалып келетін болады, - дейді туристік агенттіктің директоры Динара Асанова.

 

Сондай-ақ екі 1-ші орынды Шынар Батталова мен Майра Жәйтінбекқызы бөлісті. Сонымен қатар, 2-ші орын мен 3-ші орын қос-қос жүлдегерге бұйырды.

Айта кетейік, аталған жоба республикалық «Ару Ана»  үздік әйелдер жобалары конкурсында Астана қаласы бойынша 2024 жылдың үздік жобасы деп танылды.

Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

 

 

Барлық жаңалықтар