00:00
Астана -10oC
USD:
447.25
EUR:
485.18
RUB:
4.96
Поиск

Қандай мамандар Жаңа жылды жұмыста қарсы алады

24.02.2023 | 20:59
Елорда ақпарат
56

Полиция қызметкерлері

Мереке күндерінде полицейлердің қызметтік жауапкершіліктері тіптен үдей түседі. Жаңа жыл түні қызық пен қылмыс қатар жүретіні белгілі. Ащы суға тойып алған адамдар мінез көрсетіп, тойдың соңын төбелеске ұластырады. Сонымен қатар алаңдағы шырша маңы, бұзақылар, қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың сұрауы осы мамандық иелерінің мойнында. 

Мен учаскелік полиция инспекторымын. Күніне бір учаскелік полиция 4-5 шақырту алады. Жұмыс тәртібіне сай күндізгі және түнгі кезекшілік бар. Біздің негізгі міндетіміз қоғам тәртібін қадағалау болғандықтан, мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істеуге тура келеді. Десе де, көп шақыртулар Жаңа жылдың алғашқы күнінде түседі, - деді учаскелік полиция инспекторы С. Ахметов. 

Жедел жәрдем

Ауру-сырқау мерекеге қарамайды. Адам өмірі дәрігерлердің қолында болғандықтан бұл мамандық иелерінің Жаңа жылды жұмыста қарсы алуы таңғалатын дүние емес. Тіпті, жедел жәрдем көлігінің ішінде де қарсы алатын кездері болады.

Жаңа жыл түнін жедел жәрдем қызметкерлері де қызу жұмыс үстінде өткізеді. Былтыр Жаңа жылда кезекшілікке шықтым. Тыныш өтті деуге келмейді. Жарты сағат қалғанда жедел қоңырау түсті. Көрсетілген мекен жайға жетіп, Жаңа жылды танымайтын адамдармен қарсы алдым. Негізі бірінші қаңтарда шақыртулар саны көп болады, мерекелік дастарханнан кейін созылмалы аурулары асқынып кетеді, - деді жедел жәрдем қызметкері Мәдина Оспанова.

Таксистер

Таксистер бұл күні жақсы табыс табады. Жүргізушілер әдеттегідей асыққан жолаушыларды діттеген жерлеріне жеткізеді, бірақ ақысы, әрине, жоғары.  

Жаңа жыл қарсаңында таксишілердің табысы екі есеге дейін өседі. Сондықтан 31 желтоқсан күні толық және түнгі 23:50 шамасына дейін ыңғайы келсе жұмыс істеуге тырысам. Осыдан 3 жыл бұрын үйге 00.15-те әрең дегенде жеттім, - деді таксист Жандос Омаров.

Кондитерлер

Мерекелік дастарханды тәттісіз елестету қиын. Сондықтан бірі дүкеннен торт алып жатса, бірі тапсырыс беруге асығады. Себебі Жаңа жыл қарсаңында кондитерге көп тапсырыс түсетіні белгілі. Қолдарынан бал тамған бикештер тапсырысты орындау үшін күні-түні пештің қасында жүреді.

Мереке күні ажиотаж басталады. Торт, зефир, кәмпиттерге көп тапсырыс келеді. Кейбір таныстарым тәулік бойы пісіреді, – деді кондитер Наталья.

Все новости