«Астана-Теміртау» автожолында жылдамдық режимі өзгереді
Әкімшілік полиция комитетінің ұйғарымына сәйкес «Астана-Теміртау» автомобиль жолының Бабатай кентінен – Аршалы кентіне дейінгі аралықта жылдамдық режимі 120-дан 140 км/сағатқа дейін ұлғайтылды, деп хабарлады Elorda.info.
Алайда «Астана-Теміртау» ақылы жолының Аршалы кенті жанындағы ұзындығы 4 шақырым болатын («Екатеринбург-Алматы» республикалық маңызы бар автожолының 1327 шақырымынан +350 м 1331 шақырымына +450 м дейінгі аралық) көлік айрығында 120 км/сағ дейін жылдамдыққа шектеу қойылған.
Сонымен қатар, келесі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарда мынадай қозғалыс жылдамдығы бекітілген:
І-а санаты – 140 км/сағ (Астана-Павлодар, Астана-Щучинск, Астана-Теміртау, Алматы-Қонаев);
І-б санаты – 110 км/сағ (Алматы-Қорғас, Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Қонаев-Талдықорған, Шымкент-Қызылорда, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар, Щучинск-Көкшетау);
ІІ санат – 100 км/сағ (Павлодар-Семей-Қалбатау, Көкшетау-Петропавл, Павлодар-РФ шекарасы (Омбы бағыты), Орал-РФ шекарасы (Самара бағыты), Орал-РФ шекарасы (Саратов бағыты), Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы).